Оралда алаңда ат тепкен 5 жасар бала ауруханаға жатқызылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы тұңғыш Президент алаңында 5 жасар баланы ат теуіп, жарақаттады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 27 шілде күні шамамен сағат 19.00-де болды.
«Оқиға салдарынан 2019 жылғы бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді. Жылқы иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407-2-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК көлемінде 36 920 теңге айыппұл салынды», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, бала травматология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр, қажетті ем алып жатыр.
Бұл – Батыс Қазақстан облысында болып отырған бірінші оқиға емес.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2 жасар баланы жылқы теуіп өлтіргенін жазған едік.