ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда биылғы алты айда алаяқтық қылмысы өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 6,9 пайызға (420-дан 449-ға) көбейіп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, талдау көрсеткеніндей, осынау қылмыстың 22 пайызы жиһаз дайындау мен орнату желеуімен жасалған алаяқтық үлесіне тиеді. Мысалы, Т. деген азамат OLX сайтында тапсырысқа жиһаз жасаймын деп хабарландыру орналастырған. Қала тұрғындарын алдау үшін жалған келісімшарт жасап, қаржының 30 пайызын алып, тапсырыс берушілерден бой тасалап отырған. Алаяқтың қармағына Оралдың 98 тұрғыны ілігіп, оларға 15 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
Айта кетейік, қала аумағында биылғы бірінші жартыжылдықта барлығы 4500 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, бұл өткен жылғыдан 10,1 пайызға кем.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).