ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда үй алып беремін деп 27 тұрғынды тақырға отырғызып кеткен алаяқтардың ісі тергелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қылмыстық іс ҚР ҚК 190-бабына (алаяқтық) сәйкес қозғалды.
Оралдық алаяқтар «7-20-25» бағдарламасы арқылы кезексіз үй алып беремін деп азаматтардың ақшасына иемденіп кеткен.
Алданғандар алаяқтарға 75 мыңнан бастап 1 млн теңгеге дейін ақшасын ұстатып жіберген. Күні бүгін полицияға облыстың 27 тұрғынынан арыз түскен. Әйтсе де тергеу болжамы бойынша жәбірленушілер саны одан көп болуы мүмкін.
«Фотода көрсетілген адамдардан зардап шеккендер Батыс Қазақстан ғана емес, басқа облыстарда да болуы ықтимал. Ондайлар болса, тұрғылықты жердегі полиция бөліміне шағымдана алады немесе (7112) 98-42-61, 98-42-59, 98-42-54 және 102 телефонына хабарласса, жетіп жатыр. Алаяқтардың арбау әрекеті әр түрлі, сондықтан тұрғындарға абай болыңыздар дегіміз келеді», деп хабарлады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).