Оралда алаяқтарға ақша жеткізіп отырған 18 жастағы жігіт ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда алаяқтарға ақша жеткізіп отырған 18 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: polisia.kz

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Киберпол» қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы барысында 18 жастағы күдіктіні анықтап, қолға түсірді.

Әлеуметтік желідегі Telegram қосымшасы арқылы жұмысқа тұрған ол қызметінің қылмыстық әрекет екенін біле тұра, алданған адамдардың ақшаларын алаяқтарға жеткізіп отырған.

Атап айтқанда, 3 тамыз күні сағат 11.00 шамасында өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған белгісіз біреу түрлі нөмірлерден 75 жастағы кейуанаға телефон шалған. Ол жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған туысын қылмыстық жауапкершілікке тартпауға көмектесемін деп, курьер арқылы зейнеткердің әуелі 3500 еуро мен 3500 долларын иемденген. Мұны місе тұтпай, қайта телефон соғып, қосымша 8 млн теңге талап еткен.

Екінші оқиға да осыған ұқсас. Бұл жолы делдал алаяқтарға Оралда тұратын 80 жастағы қарияның 4 мың АҚШ доллары мен 68 мың рублін апарып берген.

«Аталған деректер бойынша ҚР ҚК 190-бабына (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.