Оралда әлем чемпионы Асқар Шайхиевті еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиевті (1963-2000) еске алуға арналған 23 жасқа дейінгілер арасында халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спорттық самбодан өтіп жатқан айтулы додаға Армения, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдерімен қатар Алматы қаласы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарының жас палуандары қатысуда. Олар 48, 52, 57, 62, 68, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде күш сынасуда. Оған қоса әскери самбодан 62 және 74 кг салмақта ерлер кілемге шықпақ.

 

Турнирдің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов өңірде самбо күресінің әуелден жақсы дамығанын, мықты дәстүрі бар екендігін айта келіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ҚР спорттық және әскери самбо федерациясының вице-президенті Марат Мұхамбетжанұлы, Асқар Шайхиевтің зайыбы Аягөз Мәжікенқызы ізгі тілектерін білдірді. 

 

Жексенбі күні мәреге жететін жарыс жеңімпаздары 50 мың теңге, күміс жүлде алғандар 30 мың және қола медаль иелері 15 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алып, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломымен, медальдарымен марапатталады.

Айта  кетейік, Сырым ауданында туып-өскен Асқар Шайхиев 1989 жылы Нью-Йоркте өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған болатын. Бапкері Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, марқұм Батыр Қуанышев еді.