ОРАЛ. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының залында 2 маусым күні Махамбет күйлерін орындаудан «Қайран Нарын» атты аймақтық байқау өткізілмек.
Шараны ұйымдастырушы «Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының директоры Темірхан Елеубаевтың айтуынша, белгілі күйші-композитор, Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмелов бастаған қазылар алқасы төрелік ететін сайысқа көршілес Атырау облысынан да үміткерлер қатыспақшы. Сондай-ақ Ақтөбе облысына хабар жіберілді.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Оның алғашқысында қатысушылар Махамбеттің «Қайран Нарын», «Өкініш», «Жайық асу», ал қорытынды айналымда «Шілтерлі терезе», «Жауға шапқан», «Жұмыр қылыш» күйлерін орындайды.
Шараға Атыраудан Нариман Үлкенбаев, Оралдан Өтеген Жұмашев, Едіге Нәбиев сынды домбырашылар құрметті қонақ ретінде шақырылып отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).