ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жыл басынан бері алимент төлемеген отыздан астам адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты алиментті өндіру туралы сот актісін орындамаған 31 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Іс барысын қарау кезінде анықталғанындай, сот орындаушылары борышкерлерге қарыздарын өтеу туралы хабарламалар жолдағанымен, ешқандай шара алынбаған.
Сот отырысында құқық бұзушылар негізінен болған мән-жайды растап, кінәларын толық мойындаған.
Нәтижесінде, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 669-бабына сәйкес 12 адам әкімшілік қамауға алынса, 19-ына айыппұл салынды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).