Прокуратураның мәліметінше, азамат «А» 2024 жылдан бері баласын асырауға алимент төлемеген. Соның салдарынан оның 2,6 млн теңге көлемінде берешегі жиналған. Алайда борышкер осы кезеңде бәс тігуге шамамен 4 млн теңге жұмсаған.
Осыған байланысты оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы («Алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындаудан жалтару») бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Тергеу барысында борышкер 2,6 млн теңге көлеміндегі алимент берешегін толық өтеген.
Жалпы, 2026 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарған 13 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылған.
Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде биыл 600-ден астам баланың пайдасына 250 млн теңгеден астам алимент өндірілген.
Сонымен қатар, сот орындаушылары тарапынан жіберілетін заң бұзушылықтарға жедел ден қою үшін облыста тамыз айынан бастап Call-орталық жұмыс істеп келеді. Оған 8 708 024 89 30 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Еске салайық, мұның алдында жұмыссыз адам да алимент төлеуге міндетті екенін жазғанбыз.