ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Жаңа жыл қарсаңында апатты үйлерде тұрған 64 тұрғын баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде салынған 9 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлер жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға берілді.
Аталмыш нысанды «ЖайықСельСтрой» ЖШС бір жарым жыл ішінде салып бітірді. Мұндағы пәтерлердің 32-сі - екі бөлмелі, қалған жартысы - бір бөлмелі.
Жаңа үйдің ашылу рәсіміне қатысқан Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаһарда апатты үйлер мәселесі мемлекеттік - жекешелік әріптестік аясында шешіліп келе жатқанын жеткізді.
«Аталмыш тұрғын үй облыс әкімдігі мен «КПО б.в.» компаниясы арасындағы келісімге сәйкес салынды. Жалпы, 2015 жылдан бері қалада 29 апатты үй сүріліп, орнына 9 қабатты тұрғын үй бой көтерді. Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа жылда да жалғасын табады», - деді қала басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жаңа мектеп ашылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).