ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында апаттық үйлер мәселесі біртіндеп шешілетін болады. Бұл туралы қала әкімі Нариман Төреғалиевтің тұрғындармен есептік кездесуінде өңір басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, қазір қалада осындай 41 үй бар, оларда 1 500-дей адам немесе 320 отбасы тұрып жатыр. Бұған дейін Деповская көшесінде апаттық үйдің орнында 9 қабатты жаңа үй пайда болды. Биыл Құрманғазы және Ю.Гагарин атындағы көшелерде тағы екі үйдің орнына мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жаңа тұрғын үйлер салу көзделуде. Тұрғындар келісім берді. Жалпы, алдағы уақытта тұрғындар келіссе, Оралда тұтас кварталды сүріп тастап, орнына 5 жаңа тұрғын үй салу ойластырылуда.
«Мұндай жұмыстарға құрылыс компаниялары дайын. Олардың іс-тәжірибелері жеткілікті. Тұрғын үйлерді көптеп салу бағытында жоспарлы шаруалар атқарыла берілетін болады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланған 2016 жылы 1 500 пәтер пайдалануға берілсе, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер биыл да бой көтереді. Жалпы, өткен жылы Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол», өңірлерді дамыту және басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында 47 млрд теңгенің жұмыстары атқарылды», деді Алтай Көлгінов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).