Оралда аралас жекпе-жектен батысқазақстандық және орынборлық спортшылар бәсекеге түсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебінің спорт залында аралас жекпе-жектен Батыс Қазақстан облысы мен Орынбор қалалары құрамалары арасында халықаралық жолдастық кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, «Жастар терроризм мен экстремизмге қарсы» ұранымен өткен командалық кездесуде БҚО құрамасы 10:6 есебімен басым түсті.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тимур Шаяхметов аралас жекпе-жек өнерін, спорт пен саламатты өмір салтын насихаттауда осындай жарыстарды ұйымдастырудың маңызы зор екендігін атап көрсетті.
БҚО құрамасы сапында, әсіресе, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық додаларда олжа салып жүрген, сондай-ақ әскери самбодан әлем біріншілігінің күміс және қола жүлдегері, облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері, полиция аға лейтенанты Темірлан Ихсанғалиев ерекше көзге түсті.