Оралда ардагер параспортшы 90 шақырымды алты күнде жаяу бағындырды
ОРАЛ. KAZINFORM – Ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдық мерейтойына орай оралдық параспортшы, 79 жастағы Құбайдолла Хасанов 90 шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтті.
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы
Ардагер спортшының айтуынша, 90 шақырымдық марафонды алты күн ішінде бағындырған. Оның сөзіне қарағанда, күн сайын 15 шақырым жаяу жүріп отырған. Жанында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Қайырбек Оңдағанов пен оның орынбасары Нұрлан Қазымов бірге болған.
– Бұл – менің қазақтың сыршыл ақынына деген құрметім. Осылайша оның 90 жылдық мерейтойына өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Биыл көктемде Жеңістің 80 жылдығына орай 80 шақырымды жаяу жүріп өткен едім. Онда күн сайын 10 шақырымды еңсерсем, бұл жолы өз көрсеткішімді жаңарттым. Осы бастамам арқылы жаяу жүрудің денсаулыққа пайдалы екенін көрсеткім келеді, - деді Құбайдолла Хамзаұлы.
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы
Параспортшы пара пауэрлифтингтен 2004 жылы Үндістанда, екі жылдан соң Филиппинде Азия чемпионы болған.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).