Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын айтулы додаға Шымкент қаласынан, сондай-ақ Ақмола, Атырау, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарынан 10 команда құрамында 400-ден астам спортшы қатысты.
Ардагер спортшылар волейбол, үстел теннисі, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және шахматтан сынға түсті.
Жарыс қорытындысында жалпыкомандалық есепте Түркістан облысы үздік шықса, атыраулықтар екінші, батысқазақстандықтар үшінші орынға ие болды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортты дамыту дирекциясының басқарма басшысы Ғазиз Серікбаевтың айтуынша, спартакиада мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, соның ішінде ардагерлердің белсенділігін арттыру, спорттық табыс-жетістіктерге ынталандыру.
«Салауатты өмір салтын орнықтыруда спорттың маңызы зор. Осы орайда өздерін бабында ұстап, алдыңғы шептен көрініп жүрген ардагерлер аз емес. Олар шеберлік деңгейлерінің жоғары екендіген Оралдағы спартакиадада да көрсетті», деді Ғ.Серікбаев.
Шағын футболдан БҚО құрамасы чемпион атанса, атыраулықтар екінші, қостанайлықтар үшінші орыннан көрінді.
«Шағын футбол додасына барлығы 9 команда қатысып, екі топқа бөлінді. Біздің топта Шымкент, Қызылорда, Атырау сияқты күшті құрамалар болды. Қызылордалықтармен тең түсіп, қалғандарын қапы қалдырып, екінші орынмен шешуші бәсекелерге жолдама алдық. Онда әуелі СҚО құрамасын тізе бүктірдік. Содан кейін финалда атыраулықтармен қайта кездестік. Ойын тең аяқталып, пенальти сериясында біз жеңіске жеттік. Осылайша, 50 жастан жоғары ардагерлер арасында БҚО құрамасы республикалық спартакиадада алғаш рет чемпиондық атаққа ие болды. Арамызда 53, 55 жастағылар бар, өзімнің жасым 58-де. Спортпен ұдайы айналысып, жастарға үлгі көрсетіп келеміз», деді ҚазАқпарат тілшісіне шағын футболдан БҚО құрамасының капитаны Рашид Хуснутдинов.