Оралда «Арман қала - Астана!» ән байқауының жеңімпаздары анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда елорданың 20 жылдығына орай «Арман қала - Астана!» атты әуесқой композиторлардың облыстық ән байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласының абырой-беделін ән қанатында асқақтатып, әсем ажары мен табиғатын насихаттау мақсатында облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған айтулы өнер додасына 16 әуесқой композитор қатысып, бақ сынады.

Арнайы құрылған қазылар алқасына композиторлардың Астана және туған жер мен ел туралы екі әні авторы көрсетілмей, берілді. Туындылар тыңдалып, жабық іріктеуден өткізілді. Соның нәтижесінде 11-і үздік деп танылды.

Байқау қорытындысында кезінде елге «Әкем - әнім» әнімен кеңінен танылған ҚР мәдениет қайраткері, көптеген туындының авторы, оралдық Әділбек Сүлейменов бас жүлдені жеңіп алды.

Қаратөбе ауданынан келген Марат Тажаяқов бірінші, оралдықтар Қуаныш Қисметов пен Қадырболат Едіров екінші, зеленовтық Гүлбаршын Қасиетова, сырымдық Армат Алдамжаров, оралдық Шолпан Жасмағамбетова үшінші орынға ие болды.

Сонымен қатар ақжайықтық Рахим Жанайсов, қазталовтық Баян Қабиева, сырымдық Алмас Елшібеков, жәнібектік Жақсылық Бисенғалиев дипломант атанды.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың айтуынша, аталмыш ән сайысы бұдан екі жыл бұрын алғаш рет өткізілген болатын. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

«Байқауда Әділбек Сүлейменов, Гүлбаршын Қасиетова, Баян Қабиева сынды бұрыннан әуесқой композитор ретінде аты шығып жүргендермен қатар жастар да көрінді. Ел ішінде жүрген дарын иелерін қолдау, көтермелеу бағытында бұл дода алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Жұбатов.