Оралда армян мәдениетінің күні өткізілді
Оған Қазақстандағы армян мәдени орталығының төрағасы Артур Карапетян, сондай-ақ өзге өңірлерден аталмыш этномәдени бірлестіктер өкілдері келіп, оралдықтармен қуаныштарын бөлісті.
БҚО «Мирзоян» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Аветик Амирханянның айтуынша, өңірде мың шақты армян ұлтының өкілдері тұрады. Армения ежелгі, тарихы бай мемлекеттердің бірінен саналады. Онда некенің беріктігі, үлкенді сыйлау, жақын-жуық, көрші-көлеммен араласа білу сынды адами құндылықтарға ерекше мән беріледі. Бұл жағынан алғанда, қазақ халқымен ұқсастықтар аз емес. Армяндар қай жерде болмасын өз мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға тырысады. Бұған Қазақстанда толық жағдай жасалған. Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді бірегей ұйымды құрған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында армяндар да өзге ұлт өкілдерімен етене жақындасып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Көп ұзамай Орал қаласында Достық үйі ашылмақшы. Демек, онда әр этномәдени бірлестіктің өз тілі мен мәдениетін, өнерін дамытуы үшін мүмкіндіктер молая түспек.
Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай А.Карапетян ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін бір топ адамға марапаттар мен алғысхаттарды табыс етті.