Оралда «Ашық әкімдік» қабылдауына 300-ден астам адам келді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық қазақ драма театрының фойесінде БҚО әкімдігі ұйымдастырған «Ашық әкімдік» атты ашық есік күнінде облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев келушілерді қабылдап, олардың мәселелері бойынша сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Үш сағат ішінде 311 адам келіп, барлығы 34 облыстық мекеме-ұйымның, оған қоса Орал қаласы әкімдігі бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлерінен кеңес алды. Соның ішінде 58-і облыстық жер қатынастары, 43-і энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 20-сы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, 16-сы денсаулық сақтау, 13-і құрылыс пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолықты.  

Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, адамдардың бәрі бірдей жұмыс күндері мекемелерге барып, жүре алмайтындықтан, сенбі күні таңдалып алынды. «Олардың басым көпшілігін тұрғын үй мен жер кезегі мәселелері толғандырады. Мысалы, Оралда қазір тұрғын үй кезегінде 17 мыңнан астам адам тіркелсе, жер телімін алуға тұрғандар саны 70 мыңнан асып кетті. Мен оларға өткен жылы қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірдім. Биыл қалада 7 көп қабатты тұрғын үй құрылысы басталды. Алдағы уақытта тағы төрт сондай үй салынбақшы. Сонымен қатар инфрақұрылым болмаған жағдайда жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері берілмейді. Қаланың Деркөл, Жұлдыз, Зачаган сынды бөліктерінде барлық қажетті коммуникация тартылғаннан кейін ғана жер телімдері беріле бастайды», деді шаһар басшысы.
 

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетовтің сөзіне қарағанда, «Ашық әкімдік» шарасы барлық жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қолға алынды. Алдағы уақытта мұндай ашық есік күндерін тұрақты ұйымдастыру көзделуде.

Айта кетейік, барлығы 172 мемлекеттік қызмет түрі болса, 2016 жылы БҚО-да жергілікті атқарушы органдар 2,2 млн. мемлекеттік қызмет көрсеткен. Соның ішінде 281 мыңы электронды түрде, 58 мыңы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілген.