ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінде әскери борышын өтегендерді құрметпен шығарып салды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осыған орай 5517-әскери бөлім командирі, подполковник Асылбек Шайкамаловтың әскери қызметін үлгілі өтегендерді ынталандыру туралы бұйрығы оқылды.
А.Шайкамалов барлық азаматтарға қызметі үшін алғысын білдірді. Қызметтік міндеттерін абыроймен орындағаны үшін 50-ден астам қызметкер құрмет грамоталарын, басқа да марапатты иеленді. Әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Вячеслав Пак пен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Фомушкин жастарға Орал өңіріндегі жарқын кезеңін еске түсіретін естелік сыйлықтар табыс етті.
Шара әскери бөлім өнерпаздары қойған концертпен қорытындыланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).