ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда әскери қызметші автокөлігімен бағанға соғылып, өзі ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 4 ақпан күні сағат 01.30 шамасында Чагано-Набережная көшесінде болды.
1992 жылғы жүргізуші «ВАЗ-21144» автокөлігімен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтамай, рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, одан бағанға соғылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 01.43-те жеткен. Жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған және жамбас ұшы сынған. Ол қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды.
Қазіргі кезде оны әкімшілік жауапқа тарту мәселесі шешілуде.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы Ерболат Сұлтанов жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушінің әскери қызметші екендігін растап, қызметтік тексеру жүргізілетінін жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).