ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда әткеншекте ойнап жүрген 13 жасар бала екі саусағынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 27 шілде күні шамамен сағат 21.10-да болды.
«2009 жылғы бала Х.Доспанова көшесі 69-үй ауласындағы балалар алаңында орнатылған тренажер жабдығында ойнап жүріп, жарақат алған. Салдарынан қолының бірнеше саусағын кесіп кеткен. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 306-бабы 2-бөлігіне (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, баланың бір саусағы сол жерде кесіліп қалған. Терісіне ілініп тұрған екіншісін ауруханада алынды. Бала амбулаториялық ем алуға жіберілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол апатынан 9 жасар баланың қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Фото: mgorod.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).