Оралда әткеншектің құлауы: Балалардың жағдайы белгілі болды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қалалық саябақтағы әткеншектен құлаған балалардың жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қалалық мәдениет және демалыс саябағында кеше болған оқиға салдарынан 8 бала зардап шекті.

«Балалар көптеген дене жарақаттарын алған. Жедел жәрдем оларды облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер қарағаннан кейін балалардың миы шайқалмаған және сынық жарақаттарын алмаған болып шықты. Бәрі де медициналық көмек көрсетілгеннен амбулаторлық ем алуға жіберілді», деп хабарлады ведомстводан.

Кейін белгілі болғанындай, аттракционның істен шығуына байланысты қатты жылдамдықпен айналып тұрған әткеншек кілт тоқтап қалып, балалар содан жарақат алған.

БҚО полиция департаменті осы оқиға байланысты аттракцион иесіне қатысты ҚР ҚК 306-бабы 2-бөлігіне (қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қалалық саябақтағы аттракционнан 8 бала құлап кеткенін жазған болатынбыз.