Оралда атты полицейлер ұрыларды қолға түсірді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда жуырда ғана құрылған атты полиция взводы ұрыларды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Әбділқалықованың айтуынша, кеше шамамен сағат 16.00-де жол-патрульдік полиция батальоны атты взвод командирі, полиция аға лейтенанты Мұхит Әбілқайыровтың басшылығымен Зачаган кентіне қарасты шағынаудандарды бақылайтын аға сержанттар Хамит Сейтқалиев, Роман Қызғожин, сондай-ақ Деркөл кенті аумағын шолып жүрген аға сержант Азамат Әділов пен кіші сержант Данияр Ерсайынов қылмыстың ізін суытпай, Деркөлдің еш жерде жұмыс жасамайтын 1990 жылғы екі тұрғынын қолға түсірді. Олар Деркөл мен Зачаган кенті аралығындағы ғимараттан металл газ қазандығын жымқырмақ болған. Оқиға орнынан темір кесетін арнайы құралдар табылған. Келтірілген шығын 300 мың теңгені құрады.

  

Еске сала кетейік, атты полиция взводы осы айда жұмысқа кіріскен болатын. 25 ат осы қызметке бейім сақшыларға бекітіліп берілген.