ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ауа райына байланысты Зачаган кентінің шағынаудандарын сумен қамту тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыс су арнасы» ЖШС мәлім еткеніндей, қардың күрт еруінен кенттегі өздігінен ағатын кәріз коллекторындағы сарқынды сулар деңгейі көтерілген.
Сол себепті әлеуметтік нысандарға су басу қаупі төнгендіктен, сағат 14.00-ден бастап шағынаудандарды сумен қамту тоқтатылды. Жергілікті сағат 18.00-ден 21.00-ге дейін су беру уақытша қалпына келтіріледі. Сағат 21.00-ден 5 ақпан күнгі 07.00-ге дейін сумен қамту қайта тоқтатылады. Ертең сағат 07.00-ден бастап су қайта беріледі.
«Осы аралықта тұрғындар суды жинап алған жөн. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз», деп хабарлады «Батыс су арнасы» ЖШС-ның баспасөз қызметі.
Бүгін Оралда селдетіп жаңбыр да жауды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолда қалған 7 адамның құтқарылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).