ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда аурухана жертөлесінен өрт шығып, 72 қызметкер, 28 науқас эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 25 мамыр күні сағат 15.10-да Е.Орақбаев көшесі 12-мекенжайында орналасқан «Талап» АҚ клиникасында болды.
Өрт сөндірушілер жедел жеткен кезде жертөле түтінге оранып, электр қалқанының (10 шаршы метр) жанып жатқаны анықталды.
Ауруханадан 72 қызметкер, 28 науқас эвакуацияланды.
Зардап шеккендер жоқ.
«Тілсіз жау» 15.46-да оқшауланып, 15.56-да толықтай ауыздықталды.
Өртті сөндіруге 32 қызметкер 10 техникамен жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 17 жасар жасөспірімнің суға кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).