Оралда ауруханада балағат сөз айтып, дәрігерге тиіскен әйелге айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 434-бабының 1-бөлігі бойынша әйелге қатысты іс қаралды.

Фото: Pexels

БҚО сотынан түскен мәліметке қарағанда, істі қарау барысында әйелдің Орал қаласындағы облыстық ауруханада кезекші дәрігермен жанжал шығарғаны анықталды.

Оқиға барысында ол балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзып, дәрігерден онымен орыс тілінде сөйлесуін талап еткен.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес әйел жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.

Сот іс бойынша ұсынылған материалдарды зерттеп, құқық бұзушының әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берді.

Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот әйелдің асырауында үш баласы бар екенін, олардың біреуі кәмелетке толмағанын да ескерді. Осы мән-жайды ескере отырып, оған әкімшілік қамақ қолданылмайды.

- Істі қарау нәтижесінде әйел Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігіне (ұсақ бұзақылық) сәйкес кінәлі деп танылды. Сот оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жер комиссиясының шешімдері заңсыз деп танылғанын жазған едік.