Оралда «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» халықаралық форумы басталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Бүгін Орал қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» тұңғыш Халықаралық форумы жұмысын бастады.
Форумның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Мәжілістегі Аграрлық комитеттің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин және министрлік өкілдері қатысты.
Аталмыш басқосуға отандық сарапшылармен қатар Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Венгрия, Франция және Иран Ислам Республикасынан келген халықаралық қонақтар, ғалымдар мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары да келді.
Форум аясында қой шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу, мал шаруашылығындағы инновациялық тәсілдер, экологиялық тұрақтылық пен экспорттық әлеуетті кеңейту бағыттары кеңінен талқыланады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдың әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып келеді және ол 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы»деп жариялаған болатын. Бұл бастама – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, нақты өндіріс пен кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа серпін беруге бағытталған маңызды қадам, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Сондай-ақ «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» халықаралық форумында ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, айтулы шараның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту, заманауи технологияларды енгізу арқылы отандық қой шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.