ОРАЛ. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда шілденің 1-інде ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарашаның 1-іне дейін созылатын жәрмеңке қалада осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің айтуынша, қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, картоп сияқты өнімдер алқаптан жиналған бойда осында әкелініп сатылады. Бағасы базар нарқымен салыстырғанда 20 % арзан болады.
Жәрмеңкенің ойдағыдай жүруіне барлық жағдай туғызылмақ.
Әзірге жәрмеңкенің беташарына облысқа жақын орналасқан Теректі, Зеленов аудандарының көкөністері жеткізілді. Ерте піскен өнімдер көздің жауын алады. Сатушылардың көңілдері көтеріңкі, халық та риза.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).