ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда шағын автобус «Сандықтар» дүкеніне кіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 1 қаңтар күні болған.
Сағат 04.00 шамасында «Peogeot» автокөлігінің жүргізушісі С.Даумов көшесімен келе жатып, рульге ие бола алмай, «Сандықтар» дүкеніне соғылған.
Жол апаты салдарынан жүргізуші қалалық ауруханаға жеткізілді. Ол кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.Келтірілген шығын анықталу үстінде.
Дүкен иесі Біржан Қожақовтың айтуынша, шағын автобус дүкендегі дайын тұрған өнімдерді, жұмыс жасайтын аппараттарды қиратып кеткен. Оған қоса бұлар келгенше белгісіз біреулер дүкенді тонап кеткен.
«Енді мұнда жұмыс жасау мүмкін емес. Қыс ішінде ғимарат табу қиын екен. Облыс әкіміне де кірсем бе деп отырмын», - деді өзі сияқты мүгедек жандарға жұмыс тауып беріп отырған Б.Қожақов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).