Оралда автобус пен жеңіл көлік соқтығысты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында автобус пен Газель көлігі соқтығысып, екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 2 тамыз күні таңмен болды.

Сағат 07.40-та облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы операторына Сырым Датұлы көшесі бойында «Ел ырысы» аялдамасына жетпей 6-бағытта жүретін автобус жеңіл көлікпен түйіскені туралы хабар түскен.


«Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 1964 және 1970 жылғы екі әйел облыстық көпбейінді аурухананың жарақат бөліміне жеткізілді. Олар травматолог дәрігердің қабылдауында болып, қажетті медициналық тексеруден өтіп, көмек көрсетілді. Екеуіне де амбулаториялық ем тағайындалып, үйлеріне жіберілді» деп хабарлады ведомстводан.


БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, ақпаратты кейін беретінін жеткізді.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, Тәуелсіздік пен Сырым Датұлы көшелерінің қиылысында 1993 жылғы жүргізуші «Газ 3302» автокөлігімен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген.

Сөйтіп 2002 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан, 6-бағытта жүретін автобуспен түйісуге жол берген.

Тиісті сараптамалар тағайындалды, соған сәйкес құқықтық баға беріледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда терезеден секірмек болған қарияның құтқарылғанын жазған болатынбыз.