ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 18 жастағы жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 8 маусым күні сағат 18.35-те болды.
Жәңгір хан көшесінде №7 бағытта жүретін автобус пен «Лада Калина» автокөлігі түйісті.
Соның салдарынан жеңіл көліктің 18 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен нақтылағанындай, жедел жәрдем сағат 18.48-де шақырылды. Оқиға орнында жас жігіт мерт болды.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің толықтыруынша, оқиға орнына құтқарушылар да барды. Олар жеңіл автокөлікте қыстырылып қалған марқұм жүргізушінің мүрдесын шығарды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда автокөлік аударылып, екі адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ақсай қаласында 9-қабаттан құлаған ер адам мерт болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).