Оралда автогаз құю станцияларында ұзын-сонар кезек тыйылмай тұр

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

  ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында жүргізушілердің автогаз құю станцияларында сағаттап кезекке тұратыны жөнінде шағым жасауы жиіледі. 

Орал қаласының тұрғыны Болат Ізбасаровтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, жүргізушілер кезекке үш-төрт сағат бойы тұруға мәжбүр.

— Өткен айдың басынан 15 қазанға дейін сұйытылған мұнай газы болды. Ал 15 қазаннан бері жарты айдан асты, күнде осы. Газ тапшылығы бұрын да болды ғой, бірақ дәл мұндай емес еді. Зачаган кентіндегі осы станцияға кезекке тұрған жүз шақты көлік «Жәңгір хан» сауда үйіне дейін тізіліп тұр. Басқа да станцияларда жағдай осындай. Кезегіміз жеткенде, газ бітіп қалады. Өзіміз мұнай, газ өндіретін өлкеде отырсақ та, мәселе еш шешілер емес, — деді Болат Ізбасаров.

Осыған орай арнайы жолданған сауалға БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жауап берді.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Басқарма мәліметіне қарағанда, биылғы 4 тоқсандағы жеткізу жоспарына сәйкес қараша айында «Жайықмұнай» ЖШС-дан облысқа 3 785 тонна сұйытылған мұнай газы қарастырылған.

— 2 қарашаға дейін соның 321 тоннасы жөнелтілді, бұл — жоспардың 8,5 пайызы. 3 қараша күні тағы 170 тонна газ жеткізілмекші. Қазіргі уақытта 40 автогаз құю станциясында сату шектеусіз жүргізіліп жатыр (бекеттерде қор азайғандықтан, көлемдер келгенге дейін уақытша шектеулер енгізіледі). Ал 64 автогаз құю станциясында сұйытылған мұнай газын сатуға шектеу қойылды. Аптаның аяғында жағдай тұрақталады деп күтілуде. Шекті бөлшек сауда бағасы — литріне 85 теңгеден, 200 километрден астам қашықтықтағы шалғай аудандар үшін — 90 теңге, — деп хабарлады ведомстводан.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы неліктен байқалып отырғанын жазған едік.

Сондай-ақ Энергетика министрлігі бензин мен газ бағасына қатысты шағымдарды қабылдайтын желі ашты.