Оралда автокөлік аударылып, кішкентай сәби жарақат алды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда автокөлік аударылып, кішкентай сәби жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға кеше қаладан шығаберістегі Ысқырық тауда (Свистун гора) Орал-Атырау күре жолы бойында орын алды.

Оқиға орнына жедел жәрдем сағат 17.57-де шақырылып, бригада 18.02-де жеткен.

«Жол апаты салдарынан 2018 жылғы жеті айлық сәби мен 1993 жылғы әйел адам зардап шеккен. Алдын ала мәлімет бойынша жабық бас-ми жарақатын алған олар облыстық ауруханаға жеткізілді», деді А.Сақпосынова.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, кеше кешкісін осы маңда көлік кептелісі орын алды. Бұған алдыңғы күні қар жауып, жердің тайғақ болуы да әсер етті.