ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда автокөлік қағып кеткен 44 жастағы әйел ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 4 қараша күні түнгі сағат 22.00-де Зачаган кентінде болды.
«28 жастағы жүргізуші «Лада 212140» автокөлігімен Е.Брусиловский көшесімен келе жатып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, 1978 жылғы әйелді қағып кеткен. Салдарынан ашық бас-ми жарақатын алған әйел облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылғанымен, есін жия алмастан қайтыс болды. Медициналық куәландыруға сәйкес жүргізуші ішімдік ішпеген. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне (абайсызда адам өліміне соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласындағы көпірде бес автокөлік соқтығысып, кептеліс болғанын жазған едік.
Фото: klinika-shans.com.ua
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).