ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында автокөлік қағып кеткен 59 жастағы әйел көптеген жарақатпен ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 7 ақпан күні таңғы сағат 08.00 шамасында болды.
«1982 жылғы жүргізуші «Daewoo Nexia» автокөлігімен Ю.Гагарин мен Жәнібек көшелерінің қиылысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, реттелмейтін жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Салдарынан 1963 жылғы әйел көптеген жарақатпен Орал қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Оның денсаулығына қаншалықты зардап келтірілгеніне байланысты жүргізушіге қатысты шара алынатын болады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мектеп өртеніп, газдан уланған күзетшінің ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).