ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда автокөлік қағып кеткен ер адам ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғандай, оқиға бүгін сағат 14.00 шамасында Абай даңғылында болған.
Volkswagen Golf автокөлігінің жүргізушісі белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан 1952 жылғы ер адамды қағып кетті.
Ол содан кейін ауруханаға жеткізілген еді.
«Жаяу жүргінші жергілікті сағат 17.36 шамасында ауруханада көз жұмды. Марқұм ашық бас-ми жарақаты, басқа да дене жарақаттарын алған. Қазіргі кезде осы оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция департаменті жол қозғалысы ережесін сақтау қажеттігін тұрғындардың есіне салады» деп хабарлады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).