ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында автокөлік отқа оранды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен алынған мәліметке қарағанда, сағат 09.57-де Достық даңғылы бойындағы «Юбилейная» аялдамасы тұсында автокөліктің өртеніп жатқаны жөнінде хабар түскен.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде 1993 жылғы «Ауди» көлігінің мотор бөлігі жанып жатқаны анықталды.
Өртті сөндіруге 1 техника, жеке құрамнан 7 адам жұмылдырылды. «Тілсіз жау» сағат 10.20-да ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталуда.
Еске сала кетейік, облыс аумағында өткен жылы 117 автокөлік өртенсе, биыл да азаймай отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).