ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда автокөлік велосипедпен жүрген 11 жасар екі баланы қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға қалаға қарасты Круглоозерный кентінде болды.
«49 жастағы жүргізуші «Лада Калина» автокөлігімен балалар алаңы маңында жүрген 11 жасар екі баланы қағып кеткен. Зардап шеккендер түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 13.43-те шақырылып, бригада бес минуттан кейін жетті.
Алдын ала мәліметке қарағанда, 11 жасар екі бала жабық бас-ми жарақатын алған, милары шайқалған. Екеуі де облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы осы Круглоозерный кентінде бұршақ жауып, бау-бақша ағаштарына зиян келгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).