ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының 16 шілдедегі қаулысымен жол-көлік оқиғасын жасап, бой тасалағаны және көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, автокөлік айдағаны үшін Б. деген азамат 30 тәулікке қамалып, сондай-ақ оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
БҚО ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш оқиға 3 шілде күні сағат 17.30-да орын алған. «БМВ» автокөлігін айдаған белгісіз жүргізуші жол шетінде тұрған «ВАЗ-2110» автокөлігін қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Соның салдарынан «ВАЗ-2110» автокөлігінің жүргізушісі, 1984 жылғы Т. деген азамат басынан жарақат алып, аурухана көмегіне жүгінген.
Жедел іздестіру шаралары барысында «БМВ» автокөлігін айдаған 1984 жылғы Б. деген азамат анықталып, ұсталды. Сөйтсе, ол биылғы сәуірде автокөлікті мас күйінде айдағаны үшін басқару құқығынан үш жылға айырылған болып шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).