ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласында автокөлік қағып кеткен 15 жасар жасөспірім облыстық көпбейінді балалар ауруханасында өте ауыр халде жатыр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 24 маусым күні кешкісін Бірлік көшесі 23-үй маңында болды.
Қазіргі кезде жансақтау бөлімінде жатқан баланың жағдайы өте ауыр.
Сағат 19.10-19.20 аралығында болған осы оқиғаға байланысты жасөспірімнің жақын-жуықтары куәгерлерді іздестіруде.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, жүргізуші «ВАЗ-21043» автокөлігімен Орал-Саратов тас жолы бойында белгіленбеген жерден өтпекші болған жасөспірімді қағып кеткен. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда оқ жарақатын алған полиция қызметкерінің көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).