Орал қаласында автокөлік қағып кеткен 68 жастағы ер адам көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 28 қараша күні 4-шағынауданда болды.
«Шамамен сағат 08.30-да 1977 жылғы жүргізуші «Тойота Камри» автокөлігімен келе жатып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген. Сөйтіп белгіленбеген жерден өтпекші болған 1955 жылғы ер адамды қағып кеткен. Салдарынан жаяу жүргінші жолға құлаған кезде оны 1982 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «ГАЗ-330202-14» автокөлігі басып кеткен. Ер адам оқиға орнында қайтыс болған. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мұғалімнің оқушыға қол көтеру дерегі бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).