ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласы мен Зачаган кенті арасындағы жолда автокөлік ер адамды қағып кетті.
Оқиға 30 қыркүйек күні шамамен сағат 10.00-де Исатай мен Махамбет ескерткіші тұсында болды. Жол апаты салдарынан Шаған өзенінен өтетін көпір маңында жолдың бір жағы жабылып, кептеліс туындады.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, жүргізуші Toyota Camry автокөлігімен Жәңгір хан көшесінде келе жатып, реттелмеген жаяу жүргінші өткелінде ер адамды қаққан. Жаяу жүргінші оқиға орнында жан тапсырды.
- Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші ұсталып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Қазіргі кезде барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да заңсыз граффити салған жігіттің 5 тәулікке қамалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).