Оралда автокөлік көпірінің тротуары опырылып кеткен – әкімдік жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында автопарк ауданындағы көпірдің тротуары опырылып кеткені жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат жарияланды.

Фото: instagram.com / zhaloby_uralsk__official

Тұрғынның сөзіне қарағанда, оқиға біраз уақыт бұрын болған.

- Ешкім келіп қарамайды. Қоршамайды да. Әсіресе, түнде қауіпті. Өзім де балалармен арғы бетке өтемін, қорқынышты, - дейді тұрғын.

Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, бұдан бұрын да аталған жер бітелген. Бірақ жаңбыр суы шайып кетіп тұр. Жөндеу жұмыстары жүргізілгенге дейін тротуардың опырылған тұсы қоршалады.

- Автопарк ауданындағы жол өткеліне техникалық тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемі айқындалды. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын бастауға дайындық жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарын биылғы тамыз айында бастау жоспарланып отыр, - делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындар ауылда жүріп-тұрудың қиындығын айтып шағымданғанын жазған едік.