Оралда автокөлік өртеніп, жүргізуші күйік жарақатын алды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында автокөлік өртеніп кетті. 

Фото: БҚО ТЖД

БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 31 желтоқсан күні Зачаган кентінде болған.

- Жәңгір хан көшесі 35/2-мекенжайында «Беркут» автогаз құю станциясы аумағында Kia Rio автокөлігі отқа оранды. Өрт сағат 15.21-де оқшауланып, 15.28-де сөндірілді. Оқиға орнына 12 адам 3 техникамен барды. Зардап шеккен жүргізуші ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлады ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, денесінің 20 пайызын күйік шалған 1987 жылғы ер адам қалалық көпбейінді аурухананың политравма бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы - орташа дәрежеде ауыр. Қазіргі кезде қажетті емін алып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған компанияға айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.