Оралда әйелді тонап жатқан ер адам видеоға түсіп қалды

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда әйелді тонаған ер адам бейнебақылауға түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 16 мамыр күні болды.

Таңғы мезгілде «Омега» зауыты ауданындағы автожол көпірінің астынан қаннен-қаперсіз өтіп бара жатқан 30 жастағы әйелге күтпеген жерден ер адам шабуыл жасаған.

Әйел қашып кетуге тырысқанымен, қарақшы оны мықтап ұстап, жерге құлатып, алтын сырға, сақиналарын шешіп, телефонын тартып алған.

Келген залал көлемі – 550 мың теңге.

«Әйел адам полицияға жүгініп, жедел іздестіру іс-шаралары бірден жарияланды. Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ұсынылған 15 азаматтың ішінен жәбірленуші 1971 жылы туған ер адамды көрсетті. Күдікті дереу құрықталды. Оның бұрын қылмыстыққа жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігіне (тонау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кәсіпкерді өлтірген сотталушының бірі апелляциялық шағым түсіргенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда пара алды деп айыпталған полиция шенеунігі 5 жылға сотталды.