Оралда айыппұл төлемеген балабақшаның бұрынғы директоры бас бостандығынан айырылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық соты сеніп тапсырылған өзгенің  мүлкін иемденіп, жымқырғаны үшін сотталған балабақшаның бұрынғы директоры А.Нұрулинаға қатысты айыппұл жазасын бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен ауыстыру туралы мемлекеттік сот орындаушысының ұсынымын қанағаттандырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осы соттың 2016 жылғы 5 тамыздағы үкімімен А.Нұрулинаға ҚР ҚК 198-бабы 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес мүлкін тәркілеу және мемлекеттік мекемеде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге 3 млн. 964 мың теңге айыппұл салынған болатын. Алайда ол 1 млн. теңгесін ғана өтеген, айыппұлдың қалған бөлігі төленбей қалған. Сот орындаушысының үкімді толық көлемде орындау қажеттілігі туралы ескертпесіне құлақ аспаған.

ҚР ҚК 41-бабы 3-бөліміне сәйкес қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда ол адам бас бостандығынан айырылады.

Орал қалалық сотының биылғы 12 қаңтардағы қаулысымен А.Нұрулинаға тағайындалған айыппұл түріндегі негізгі жаза 11 ай 3 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, А.Нұрулина қызмет бабын пайдалана отырып, өз өтініштері бойынша жұмыстан шығып кеткен екі қызметкердің аты-жөнін жұмыс уақыты табеліне енгізу жолымен 2014 жылдан 2015 жылдың тамызына дейін солардың жалақысын алып келген деп айыпталған болатын.