Оралда «Азаттықтың ақ таңы» атты ақындар айтысы мәреге жетті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты облыстық ақындар айтысы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Қадыр жолымен» жобасы аясында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы (директоры, айтыскер әрі жазба ақын Бауыржан Халиолла) ұйымдастырған сайысқа алды республикалық додаларда сынға түсіп, жүлде алып жүрген он жас ақын қатысып, бес жұп болып айтысты. Әсіресе, бір-бірін жақсы білетін Жансая Мусина мен Талғат Мықидың сайысы әсерлі шықты. Сол секілді Бауыржан Ширмединұлы мен Айнабек Бисенғалиев те тапқырлық көрсете білді.
   

Жалпы, айтыс барысында ақындар тәуелсіз елдің бірлігі мен тірлігін, азаттықты аңсаған бабалар арманының орындалғандығын, жұртшылық көкейіндегі жайттарды жырлай білді. Мысалы, ауылдар мен көшелер атауларын тәуелсіздік талаптарына сәйкестендіру, жолдарды түзеу секілді көкейкесті мәселелер айтылды. Дегенмен жеңіл әзілдер де аз болған жоқ. Алдағы уақытта ақындар мұны ескеруі керек. Сол баяғы жеке бастағы жағдайларды қаузаумен алысқа бара алмайтынымыз анық. Өйткені осы айтыста озық көрінген бірнеше ақын алдағы айда өтетін республикалық сайыстарға қатысады. Ал оның оңайға түспейтіні белгілі.

Бұрынғылардан бір айырмашылық, дода соңында сахнаға жеті ақын шығып, бір-бірінің сөзін іліп әкетіп, Құлмамбет айтысын жасады. Барлық он ақынға бірдей сый-сияпат жасалды.
 

"Қадыр жолымен" жобасының аясында өткен "Азаттықтың ақ таңы" деген айтысқа таңдаулы, мойны озық деген он жүйрігіміз қатысты. Мақсаты - өлкеміздегі төл өнерімізді өркендету, насихаттау, елге жариялау. Сонымен бірге қараша айында өткелі тұрған республикалық жыр сайысының алдында үміткерлердің бабын сынап, електен өткізіп, ол аламанға кімдер қатысатынын анықтау. Ерекшелігі - қазылар алқасы болған жоқ. Барлығына бірдей көлемде демеушілер мен билеттен түскен қаржыны бөліп бердік. "Құлмамбет айтыс" деген айтыс түрін де облысымызда алғаш сынақ ретінде қолдандық. Яғни бір топ ақын шығып, жүрегі дауалағаны бір ауыз сөзбен айтысты бастап жібереді. Ең бірінші кімнің аузына табанда өлең оралады, сол екінші ақын іліп əкетеді. Сөйтіп топтық ақындар ұжымы шама-шарқынша толғайды. Əрине, он ақын да төрт аяғын тең басқан жорға деуге келе қоймас. Ең бастысы, үміт бар. Əркім əліне қарай шапты. Республикалық айтысқа кімдер шығатынын үш сағаттан астам уақыт бойы тапжылмай тыңдаған халықтың ыстық ықыласы мен шапалағынан-ақ байқауға болады. Оған дейін уақыт бар, ақындарымыз дайындала жатар. Жуық арада 8 қазанда Сырым ауданында, 14 қазанда Бөкей ордасы ауданында "Қадыр жолымен" жобасы жалғасын таппақ», деді ҚазАқпарат тілшісіне өзі де кезінде талай додада топ жарған Бауыржан Халиолла.