Оралда «Азиада алауы» әнұраны шырқалды

None
ОРАЛ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында 7 қысқы Азия ойындарының алауын салтанатпен алып жүру рәсімі мәреге жетті.

Қаланың басты көшелерімен алаумен барлығы 60 адам жүгіріп өтті. Ең соңында самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы Медет Оңдағанов алауды мұз айдыны сарайына жеткізді.

Мұз айдыны сарайында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жиналғандарды мерекемен құттықтап, Азия ойындарының ел өміріндегі маңызы зор екендігін атап өтті. Азия ойындарында бақ сынайтын барлық спортшыларға жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді.

Халық лық толған сарайда белгілі әнші-композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиев өзі жазған «Азиада алауы» әнұранын ұлы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Біржанмен бірге шырқады. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Бүгін кешке Азиада алауы Ақтөбеге жол тартады.