ОРАЛ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 18 қаңтарда еліміздің батыс қақпасы - Орал қаласында қысқы Азия ойындарының алауын салтанатпен алып жүру рәсімі өткізілмек.
Осыған орай алаугерлердің қатысуымен дайындық тағы бір пысықталды. Оралда аталмыш салтанат екі кезеңмен ұйымдастырылмақ. Жеңіс алаңынан Мәншүк Мәметова алаңына дейін, одан алау мұз спорты сарайына дейін жеткізілмек. Осында салтанат мерекелік концертке ұласпақ.
Алаугерлер қатарында облыс басшыларынан бастап спорт саласының ардагерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, атақты спортшы-жастар да бар. Батысқазақстандықтар Астана мен Алматыда өткізілетін қысқы Азия ойындарының «Азиада алауы» әнұранын (сөзін жазған белгілі ақын Өтеген Оралбаев) жерлестері, танымал композитор, Қазақстан халық әртісі Ескендір Хасанғалиев шығарғанын мақтан етеді. Алау ұстаушылардың бірі де - осы Е.Хасанғалиев. Ақ Жайық аспанында «Азиада алауы» әнұраны қалықтайтын болады.
Осы күндері өңірде Азиадаға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).