ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бадминтоннан ересектер арасында «Condensate Apacs Kazakhstan International Series 2018» халықаралық турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
International сериясына жататын жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Молдова, Австралия елдерінен жетпістей спортшы қатысып, бақ сынады.
Олар олимпиадалық ойын түрі саналатын бадминтоннан ерлер мен әйелдер арасында жекелей, жұптық сында, сондай-ақ микстен шеберлік байқасты. Оған қоса сәтті өнер көрсеткендердің халықаралық бадминтон федерациясы рейтингісіндегі орындары жоғарылайды.
Турнир қорытындысында ерлер арасында жекелей сында қазақстандық Дмитрий Панарин, әйелдерден ресейлік Анастасия Редькина чемпион атанды. Жұптық сында қазақстандықтар Артур Ниязов пен Дмитрий Панарин, әйелдерден ресейліктер Екатерина Кадочникова мен Анастасия Редькина озып шықты. Микстен ресейліктер Родион Каргаев пен Виктория Воробьева жеңіс тұғырына көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бадминтоннан Оралда халықаралық жарыс өтіп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).