Оралда «Бала - өмір гүлі» атты қайырымдылық шарасы өткізілді
18:59, 03 Маусым 2009
ОРАЛ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралдағы Жастар мәдениет үйінде маусымның 3-інде «Бала - өмір гүлі» атты қайырымдылық кеші өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оны тамашалауға тұрмысы төмен отбасылардың балалары, мүмкіндігі шектеулі балғындар, көздері нашар көретін арнаулы мектеп пен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қатысты.
Кеште Жастар мәдениет үйінің әншілері ән шырқап, түрлі үйірмеге қатысушылар өз өнерлерін көрсетті.
Мәдениет үйінің әдіскері Жамиға Камалованың айтуынша, оқушылардың жазғы демалысқа шығуына байланысты мұндай шаралар әлі де ұйымдастырылатын болады.
Сондай-ақ Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Жастар» стадионында «Көңілді старт» мерекелік шарасы өткізілді. Онда «Ақжайық» спорт клубына қарасты бөлімшелерден бес отбасы сынға түсіп, Молдағалиевтер командасы жеңімпаз атанды.