Оралда балабақшада ет иістеніп кеткен: меңгеруші қызметінен босатылды

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ҚазАқпарат ХАА

 Орал қаласында балабақшада еттің иістеніп кету дерегі бойынша меңгеруші қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға №47 «Бәйтерек» бөбекжайында болды.

«Балабақша қоймашысы 22 қыркүйек күні аспаздарға тоңазытқыштан етті шығарып берген. 25 қыркүйек күні аспаздар етті ыдысқа салып, газға пісіруге қойған. Жұмысқа келген бөбекжай меңгерушісі сағат 07.30-да асханаға тамақты тексеруге барып, иістенген етті ыдыстан шығартқызып, орнына басқа ет салғызған. Азық-түліктің бұзылуы бойынша акт толтырылды. Қоймашы мен аспазға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді. Орал қаласы білім беру бөлімінің 25 қыркүйек күнгі №137§1 бұйрығымен бөбекжай меңгерушісі Тоян Мұқатова жұмыстан босатылды», - деп хабарлады ведомстводан.

БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл жағдай бойынша тексеріс ашудың мүмкін еместігін жеткізді. Өйткені ата-аналардан немесе Орал қаласы білім беру бөлімінен жергілікті санэпидбақылау басқармасына арыз түскен жоқ. Қазір заңнама бойынша мораторий өз күшінде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 1 жасар қыздың төртінші қабаттан құлап кеткенін жазған болатынбыз.